Семейде жер учаскесін алу үшін кезекте 28 991 адам тұр.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев айтты.
- Бекітілген Бас жоспарға сәйкес Семей бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жалпы ауданы 4 574,2 гектар болатын 12 тұрғын үй алабы қарастырылған. Инженерлік желілермен қамтамасыз етілуіне және инфрақұралымына қарай тұрғын үй алаптарындағы құрылыс жұмыстары 3 кезеңге бөлінген, - деді ол.
Анзор Абаевтың айтуынша, бірінші кезеңге - ИКҚ-мен қамтамасыз етілген құрылыс аймақтары кіріп отыр (2 тұрғын массиві - «Ұшақтар» және «Комсомол»).
- Екінші кезеңге - ИКҚ қамтамасыз ету үшін ең аз қаражат бөлуді талап ететін құрылыс аймақтары («Ақсай» тұрғын массиві), үшінші кезеңге - ИКҚ қамтамасыз ету үшін ауқымды қаражатты талап ететін құрылыс аймақтары (9 тұрғын массиві) енгізілген, - деді басқарма басшысы.