Биыл Семей қаласында 40-қа жуық үйдің қасбетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Оған 4 мердігер ұйым жұмылдырылады.
«Үйлердің сырттарын тек бояп қана қоймай, күрделі жөндеуден өткізу керек. Қазіргі таңда үйлердің сылақ қабырғалары құлап жатыр. Қасбеттерді жөндеу кезінде осыған мән берген дұрыс. Боялған қабырғалардың түсі ұзақ жылдар бойы сақталуы шарт» деді Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов мердігер ұйымдардың басшыларына.
Семей қаласы әкімдігінің мәліметінше, биыл шаһардағы Абай, Шәкәрім, Қаныш Сәтбаев, Шоқан Уәлиханов, Әсет Найманбаев, Мәңгілік ел, Ұранхаев, Бауыржан Момышұлы, Қайым Мұхамедханов, Ибраев көшелері мен №1 ықшамаудандағы 32 тұрғын үйге жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қатар шаһардағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына Шәкәрім, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалардың муралдары бейнеленеді. Ал №1 шағынаудандағы бірнеше үйдің қабырғасына өңірдің көрікті жерлерінің суреттері салынады.
Айта кетейік, өткен жылы Семейдегі Шәкәрім даңғылындағы 19 тұрғын үйге абаттандыру жұмысы жүргізілген болатын.