Семейде 8 мектепке ұлы тұлғалардың есімі беріледі
Бүгінгі күні Семей өңірі бойынша 67 мектеп болса, соның тек 9-ына ғана ұлы тұлғалардың есімі берілген. Қалғаны сандық белгі бойынша нөмірленіп аталады. Сондықтан біртуар азаматтардың есімін жас ұрпақ жадында берік ұстау мақсатында тағы 8 мектептің атауы жаңартылатын болды. Яғни, мектептерге тарихи тұлғалардың, «Алаш» партиясы қайраткерлерінің есімдері берілмек.
Атап айтқанда № 49 мектепке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев, № 3 мектепке жазушы Мұхтар Әуезов, №2 мектеп геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың, №34 мектеп Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, №37 мектеп Ыбырай Алтынсарин, №39 мектеп Әлихан Бөкейхановтың, 47 мектеп Ахмет Байтұрсынов және 29 мектеп педагог Ташбек Құтжановтың есімімен аталатын болады.
«Республикалық ономастикалық комиссияның ұсынылған тарихи тұлғалардың есімін беру туралы тізімін мектептерге жібердік. Бүгінгі күні 8 мектеп ұсынысты қабылдады. Біз мектеп атауын өзгертуге күштемейміз. Мектеп басшылығы ұстаздармен бірге мәселені педагогикалық кеңесте талқылап, өздеріне ұнаған тұлғаның есімін қабылдады. Қазір құжат жұмыстарын реттеу жүріп жатыр»,- деді Семей қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Дүйсенбекова.