Семейде 8-сынып оқушысы соққыға жығылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семейде «Холодный ключ» ықшам ауданында оқушы қызды соққыға жыққан. Куәгердің айтуынша, бір топ бала қызды ішінен теуіп, жұдырықпен ұрған.

Фото: Видеодан скрин

— «Холодный ключ» ықшам ауданында нәрестеммен емханаға келдім. Қабылдаудан кейін дәлізге шыққанымда бір топ баланы көрдім. Басында ойнап жүр екен деп ойладым. Көзім дұрыс көрмегендіктен, телефонымның камерасымен жақындатып қарағанымда қыз баланы ішінен теуіп, жұдырықтап жатқандарын көрдім. Мен әрекет еткенше, тек бір сәтті түсіріп үлгердім, — дейді тұрғындардың бірі.

Айта кетейік, жанжалға себепкер болған оқушыға қатысты материал жиналып, оның әрекеті Семей қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Бұдан бөлек, оқушының ата-аналарына бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Осыған дейін Семейде 15 адам ата-аналық құқығынан айырылғанын жаздық.