Бүгінде шаһардағы мониторинг топтары карантин шектеулерінің сақталуын қадағалау мақсатында рейд шараларын жалғастыруда.
Кезекті рейд барысында «Ваниль» дәмханасында отбасылық шара өткізілгені анықталған.
Мекеме иесі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бұл дәмхана оның жекеменшігі екенін, туыстарын жай ғана кешкі асқа шақырғанын айтып, оларды кіргізбей қойды.
Осылайша, мониторинг топ өкілдері 1 сағат бойы ішке кіре алмаған. Анықталғандай, карантин шектеуіне қарамастан құда күткен тұрғын 90 адам шақырған.
«Біздің мақсатымыз - пандемиямен күресу. Сондықтан облыстық бас санитар дәрігерінің қаулысын сақтау - бәрімізге ортақ талап. Қазір азаматтар өз бизнесін шектеу шараларына бейімдеуі тиіс, - дейді «Шығыс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт.
Аталған дәмхана иесіне ӘҚБтК 425-бабына сәйкес хаттама толтырылып, 1600 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ ол ҚР ҚК 131-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Айта кетейік, қазан айының басынан бері Семейдегі мониторинг топтары 236 заңбұзушылықты анықтаған.