Семейде автобус пен манипулятор соқтығысты

Фото: Абай облыстық ПД

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семейде автобус пен манипулятор соқтығысып, үш адам зардап шекті.

Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Абай-Шәкәрім көшелерінің қиылысында манипулятор бағдаршамның жасыл белгісіне өтіп бара жатып, бортынан шығып кеткен кранмен жолаушылар автобусына соққан. Автобустың ішінде 20 шақты адам болған.

Фото: Абай облыстық ПД

Жол апаты салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы зардап шекті. Олар ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден кейін үйлеріне қайтарылды.

Фото: Абай облыстық ПД

— Жүк көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Оның көлігі арнайы тұраққа жеткізілді, — деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Абай облыстық ПД

Полицейлердің айтуынша, оқиға орнындағы жұмыс барысында патрульдік полиция бригадалары көлік кептелістерінің пайда болуына жол бермей, қозғалысты бақылауды қамтамасыз еткен.

Фото: ДП области Абай

Айта кетейік, жыл басынан бері алты айда елімізде 15 698 жол-көлік апаты болған.