Семейде әйел мен ер адам машинада ыс тиіп уланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейде 35 жастағы әйел мен 27 жастағы жігіт көлік оталып тұрғанда бөлінетін газ иісінен уланудың салдарынан қаза болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қайғылы оқиға 2018 жылдың 7 қаңтарында кешкісін гараж кооперативі аумағында болған. Қаза тапқандар гаражда тұрған көлік ішінде болған. Олар тоңып қалмас үшін автомобильді оталдырып қойған.

«Олардың денесін күзетші кешкісін тексеру кезінде гараждан тапқан. Күзетші қақпада құлып болмағандығынан секемденген», - деп хабарлады ТЖ өкілдері.

Алдын ала дерек бойынша, олар газ иісінен қатты уланып, қаза тапқан. Денелерінен зорлық-зомбылық ізі байқалмаған. Қазіргі таңда қадағалау органдары сот-медициналық сараптама тағайындап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.