ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 наурыз күні сағат 19:18-де Первый микрорайон көшесінде орналасқан бесқабатты тұрғын үйдегі пәтерден өрт шыққан.
«Өрт сөндірушілер келіп жеткен кезде бесінші қабаттағы пәтерде жиһаз бен заттар жанып жатқан. Бірінші кезекте құтқарушылар 1946 жылы туған үй иесін сыртқа шығарды. Қарт кісі иіс тию белгілерімен ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ өрт сөндірушілер оның 1938 жылы туған жұбайын түтін тұмшалаған бөлмеден алып шықты. Бұдан бөлек, көпқабатты үйден 60 адам эвакуацияланды. Оның 20-сы бала», - делінген ведомство хабарламасында.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам мен 4 техника жұмылдырылған. Тілсіз жау сағат 19:43-те толықтай ауыздықталды. Өрттің шығу себебі - темекі шегу кезіндегі абайсыздық болуы мүмкін.
Осы ретте, ТЖД мамандары темекі шегу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың жазатайым оқиғаларға себепкер болатындығын ескертеді. Өрт шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласу қажет.