Семейде биыл 15 көпқабатты үй бой көтереді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жыл соңына дейін 15 көпқабатты үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Семейде үй кезегінде 13 000-нан астам адам тұр. Осыған орай, Қарағайлы ықшам ауданында 26 бюджеттік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«2023 жылдың соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Онда барлығы 487 пәтер бар. Қазіргі таңда бюджеттік тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Әсіресе, соңғы жылдары Қарағайлы шағын ауданының даму перспективасы жоғары», - делінген ақпаратта.

Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов Қарағайлыдағы құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасына және объектілерді салу мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударуда.

Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Нұрбек Жасыбаевтың мәліметінше, мердігер ұйым бекітілген нормадағы жұмыстарды сапасыз істесе, арнайы шара қолданылып, келтірілген шығынды өтеп, қалпына келтіруге міндеттеледі.

Еске салсақ, осыған дейін Семейде жаңа ет комбинаты салынуы мүмкіндігін хабарлаған едік.