Бұл жайлы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Сұңғат Аманбеков мәлім етті.
Биыл шаһар бойынша жалпы ауданы 449,3 мың шаршы метрді құрайтын 4 967 пәтер салынады. Бұл мақсатта 57,8 млрд теңге жұмсалады. Олардың ішінде көппәтерлі тұрғын үй - 75, несиелік - 38, коммерциялық үйлер - 35. Сонымен қатар жеке инвесторлар мен тұрғындар қаражаты есебінен жер үйлер құрылысы жоспарлануда.
«Қарағайлы ықшамауданында 1200 орынға және Водный кентінде 600 орынға арналған екі мектептің жобасы әзірленуде. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында тағы үш балабақша құрылысының жобалары дайындалып жатыр», - деді Сұңғат Аманбеков.
Сондай-ақ Қарағайлы ықшамауданында 320 орынға арналған балабақша салынады деп жоспарлануда. Инвестор – «Сәт Транс» ЖШС. Бұдан бөлек, биыл Құрылыс басқармасымен Ұшақтар кентінде 210 төсек-орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша «ИНСОН» ЖШС-мен меморандум жасау көзделуде.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 735 жер үй салынып жатқанын хабарлаған едік.