АСТАНА. KAZINFORM - Семей қаласындағы Abai Arena спорт кешенінде 14-21 қазан аралығында бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, биыл біріншілікке еліміздің 20 өңірінен 371 спортшы қатысады.
Ел біріншілігінің жеребесі бүгін, 14 қазанда тартылады. Ал салтанатты ашылу рәсімі 15 қазанға жоспарланған. Финалдық кездесулер 21 қазанда өтеді.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған ұлттық құрама жасақталады.
Ел біріншілігінде ерлер арасында 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, 90 келіден жоғары салмақта жүлделер сарапқа алынады.
Ал әйелдер арасында боксшылар 48, 51, 54, 57, 60, 65, 70, 75, 80, 80 келіден жоғары салмақта сынға түседі.
Ел біріншілігі «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салсақ, бокстан Қазақстан ұлдар құрамасы Әзірбайжанның Евлах қаласында өткен lll ТМД елдері ойындарында барлығы 7 жүлде олжалады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.