Семейде ботаникалық бақ пен жас жұбайлар аллеясы салынады
Әкімдік ақпараты бойынша, ботаникалық бақ және аллея салу шешімі Семей қаласын көгалдандыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында мақұлданған.
«Семей қаласын көгалдандыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы қала және облыс жұртшылығының қатысуымен өтті. Отырыста Абай облысының жасыл желектерін күтіп ұстау және қорғау ережелері жобасының бірінші тұжырымдамасы да қаралды. Ол бойынша салалық мамандар тарапынан ұсыныстар енгізілді. Келісу рәсімдерінен өткеннен кейін аталған қағидалардың жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылатын болады.
Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері қала аумақтарын абаттандырудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, гүлзарларды орналастыру тұжырымдамасын әзірлеуді шешті», - делінген Абай облысы әкімдігінің Telegram-арнасында.
Бұған дейін Семей қаласындағы аспалы көпірдің астына стрит-арт, скейт-парк және паркур мен воркаут спорт алаңдары бар жаңа қоғамдық демалыс орны бой көтеретінін жазған едік.