Семей – көлікті қоя тұрып, жаяу аралауға қолайлы қала. Салыстырмалы түрде шағын ғана аумақта бекініс қақпасы, ескі мешіттер мен көпестердің үйлері, әдеби музейлер мен Ертіс өзенінің жағалауы бір-бірімен көршілес жатыр. Сондықтан қысқа аялдаманың өзі бірнеше дәуірдің куәсі болуға мүмкіндік береді.
Саяхатты Абай көшесінен бастаған дұрыс. Мұнда Семей бекінісінің бір бөлігі – Ямышев қақпасы, ал жақын маңда Воскресенск шіркеуі сақталған. Тарихи ғимараттар басқа қалалардағы сияқты музей аймағында оқшауланбаған, қазіргі қала тіршілігімен өте үйлесіп тұр. Соның арқасында бір жерден екінші жерге қалай өткеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз.
Одан кейінгі бағыт – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы. Бұл – Қазақстандағы ақынға арналған алғашқы әдеби-мемориалды музей. Қала кешеніне сондай-ақ Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесі кіреді. Музейді аралауға ең кемі бір сағат уақыт бөлген жөн. Өйткені тарихты ақынның жеке заттары мен қолжазбаларынан ғана емес, дүниетанымы қалыптасқан ортаны сезіну арқылы терең ұғынасыз.
Музейден кейін Семейдегі ең ескі аудандардың бірі Татар слободасына баруға болады. Оны «ашық аспан астындағы музей» деп те атайды.
Мұнда ағаштан салынған және қос мұнаралы мешіттер, көпестердің зәулім үйлері, ескі тұрғын үйлер мен Мусиндердің диірмені сақталған. Кейбір ғимараттарда 1957 жылы Сәбит Мұқановтың повесі негізінде «Ботагөз» фильмі түсірілген. Ғимараттардың қасбетінен ескі қаланың тынысын дөп басатын оюлы жақтауларды, қақпалар мен ұсақ-түйек бөлшектерді көресіз.
Келесі бағытты қызығушылығыңызға қарай таңдай аласыз. Әдебиетке жақын адамдар үшін Достоевский музейі дұрыс, жазушы мұнда 1857-1859 жылдары тұрған.
Әдеби экспозиция бүгінде жаңартылып жатыр. Бірақ мемориалды пәтер мен көрме залы келушілер үшін ашық. Ал кескіндеме өнерін ұнататындарға еуропалық, ресейлік және қазақстандық суретшілердің өнер туындылары қойылған Невзоровтар отбасы музейін ұсынар едік.
Күнді Ертістің бойында қорытындылаған жөн. Өзен жағалауы – Семейдің бүгінгі келбетін айшықтайтын атақты аспалы көпірді тамашалауға таптырмас орын. Уақыт табылып жатса, Бейбітшілік аралы мен Семей ядролық полигонының құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументіне соғыңыз. Осылайша біз су жағасында серуендеп қана қоймай, тыныштықта ой қорытуға мүмкіндік аламыз.
Қаланы одан әрі аралағысы келетіндер ертеңіне қарағайлы орманға барып, «Денсаулық соқпағынан» өтсе болады. Бұл бағыт қарағайлар арасында асықпай серуендеуге өте қолайлы. Бірақ жаз мезгілінде жолға шықпас бұрын «Семей орманы» мекемесінің жұмыс режимін тексеріп алу маңызды. Өйткені аптап ыстық кезінде көліктің кіруі мен серуендеуге уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Ал түнеу үшін Keruen Inn қонақүйін таңдасаңыз, өкінбейсіз.
Ол қаланың солтүстік шетінде, Семей-Павлодар тас жолының бойында орналасқан. Қонақүйде 21 номер бар, күзетілетін көлік тұрағын, кір жуу және душ қызметтерін қонақүйге орналаспай да пайдалануға болады. Аумақта Qazaq Oil бекетінен жанармай құйып, Q-Café-де тамақтанып, Dala Market-тен керегіңізді сатып немесе электромобиліңізді қуаттап ала аласыз.
Қала ішіндегі маршрут мүмкіндігі шектеулі саяхатшылар үшін де ыңғайлы сызбада құрылған. Нысандар арасында көлікпен жүрген жөн. Ерекше қонақтар үшін Keruen Inn қонақүйінде бейімделген жуыну бөлмесін, үлкен кереует пен жұмыс аймағын қамтитын ауданы 25 шаршы метр арнайы нөмір қарастырылған.
Таңғы ас ішіп, көлігіңізге жанармай құйып, Қазақстанның көрнекті орындарын тамашалау үшін жолға шығасыз.