Семейде Ертіс өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде Ертіс өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша су тасқынының алдын алу үшін мұзды ұсақтау шаралары басталды.

- Мирный кенті маңындағы Ертіс өзенінде мұз кептелуі мүмкін. Сондықтан «Kaz Explo Service» ЖШС қызметкерлері мұз жару жұмыстарын жүргізді. Осы учаскедегі қауіпсіздікті құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қамтамасыз етті, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, өңір бойынша өзендердегі қар қоры орташа көпжылдық деңгейде. Облыстағы 108 елді мекенді су басу қаупі бар.

Жалпы Шығыс Қазақстанда 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы шеңберінде 162 млн теңгеге 11 шара жүзеге асырылған.