Семейде Ертіс өзенінде жарылыс жасалды

Фото: Абай облысының әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында Ертіс өзенінде мұзды ұсақтату үшін жарылыс жасалды.

13 наурызда мұз кептелуінің алдын алу мақсатында Ертіс өзенінің Мирный кенті Ипподром ауданындағы тұсында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Барлығы 260 заряд қолданылды. Жарылғыш заттардың жалпы салмағы – 650 келі.

«Жарылыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем дәрігерлері, полицейлер, «Казселденқорғау» мекемесінің өңірлік филиалы мен Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу бойынша Ертіс бассейндік инспекциясының мамандары қатысты. Бұл шаралар жыл сайын күн жылып, қар ери бастағанда өткізіледі. Осының арқасында өзен жағалауында орналасқан елді мекендер су тасқынынан қорғалады», - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Ертіс өзеніндегі жарылыс жұмыстарынан жалпы ауданы 9340 текше метр мұз ұсақталды. Қазіргі уақытта өзендегі су деңгейі – 298 см. Ал шекті деңгей 450 см құрайды.