Семейде халық қажеттілігін 100 пайызға жабатын ет комбинаты салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағын толық қуатына енгізу үшін ирандық инвестор тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде жеңіл өнеркәсіптің желкеніне жел беретін ірі жоба қолға алынбақшы. Ол үшін «Өңдіріс» индустриялық аймағында ет комбинаты мен ұнтақтау-сұрыптау кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл «Өндірістің» 100% жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс.

Қазіргі таңда «Өңдіріс» индустриялық аймағында үш жоба жұмыс істеп тұр. Бұл - көбік-бетон бұйымдарын өндіру, жылжымалы құрам үшін тежегіш платформаларды шығару және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобалары. Енді олардың қатарын жоғарыда аталған екі жоба толықтырмақ.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жобаларды дамытуға ерекше назар аудару қажет. Әсіресе ирандық инвесторлар қызығушылық танытып отырған «Agroportal» ЖШС-нің жобасынан үлкен үміт күтуге болады. Бұл екі жоба жүзеге асса, «ақылды технологиялардың» арқасында «Өндіріс» те 100 пайыз өнім беретін болады. Сол үшін индустриялық аймаққа қосымша теміржол тұйығын тартып бермекпіз», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысында. 

«Agroportal» серіктестігіне инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 55 гектар жер телімі берілуі тиіс. Кешеннің құрылысын ирандық компаниян қаржыландырады.

«Agroportal» компаниясы 1,5 млрд теңгенің техникасына тапсырыс берді, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бұл жобаны мақұлдап отыр. Енді осы жоба арқылы эскпорттық әлеуетімізді тиімді пайдалану ғана қалды», - дейді Д.Ахметов.

Болашақ комбинатты шикізатпен қамту мәселесі де шешімін тапқан. Биыл облыста халық қажеттілігінен тыс 29,5 мың тонна сиыр етін, 13,4 мың тонна қой мен ешкі етін өндіру жоспарланған. 2021 жылға қарай 34  мың тонна сиыр еті, 15,4 мың тонна қой мен ешкі еті артық өнідірілмек. Ал «Agroportal» компаниясы жылына 24 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы.