Семейде ирандық инвесторлар ет өңдейтін зауыт салмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қазақстандық-ирандық «Agro Portal» ЖШС басшысымен кездесіп, ет өңдеумен айналысуға қызығушылық танытып отырған ирандық инвесторлардың жобасын талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, заманауи кәсіпорын Семейдегі «Өндіріс» индустриалды аумағында бой көтермек. Зауыт іске қосылғаннан кейін онда ұсақ және ірі қара малдың еті өңделіп, ет консервілері мен шұжық өнімдері шығарылмақ.

«Ирандық серіктесімізде ешқандай мәселе туындамауы керек. Біз қысқа мерзімнің ішінде даярлық жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға тиіспіз», - деді Даниал Ахметов.

Өңір басшысының айтуынша, аталған аумаққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүрізіліп, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша темір жол тармағы жасалмақ. Қазіргі таңда зауытты шикізатпен қамтамасыз ету жұмыстары қарастырылып жатыр. Бұған қоса ирандықтар  бордақылау алаңын өздері қажетті құрылғылармен қамтуға дайын екендіктерін білдірді. Қазан айының соңына дейін инвестициялық келісімшарт жасап, жер уческесін бөлу жұмысы қалып отыр. Жоспар бойынша 2018 жылдың қаңтар айында жоба мемлекеттік органдардың барлық келісімінен өтуі тиіс.