Семейде ірі көлемде есірткі тасымалдаушылар ұсталды
22:11, 29 Қаңтар 2019
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде 37 және 51 жастағы қала тұрғындарынан ірі көлемде марихуана мен гашиш тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық полиция басқармасы Есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері арнайы ұйымдастырылған рейд барысында екі қала тұрғынын қолға түсірді. Олардан жалпы салмағы 9, 325 грамм болатын есірткі тәркіленді. Оның 7 кг. 910 грамы марихуана, 1,415 грамы гашиш.
Қазір ұсталғандар қамалып, олар тергеліп жатыр. Заңсыз есірткі Оңтүстік Қазақстаннан Семейге әкелінген.
«Қазір аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы, 3, 4-тармағы және 297-баптың 3-тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазір екі адам уақытша қамауға алынды», делінген полиция басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2018 жылы қалада полиция 40 есірткі қылмысын анықтап, 72 келі есірткі тәркіленген.