Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мерекелік шаралар 17 қыркүйектен басталады. Мектептерде ашық сабақ, сынып сағаты, шығармашылық жұмыстар байқауын өткізу жоспарланып отыр. Шәкәрім атындағы университте жастар дебаты болады. «Северный» сауда үйінде сағат 9.00-14.00 аралығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, концерт қойылады.
«18 қыркүйек күні қала күні Абай облысындағы тұңғыш марафонмен басталады. Ниет білдірушілер 3,5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға жүгіреді. Мәреге жеткен әр спортшы естелік медаль және футболкамен марапатталады. Сағат 9.00-ден бастап түске дейін көрме, түрлі байқау, шахмат турнирі, флешмобтар өтеді», - делінген ақпаратта.
Бұл күні қаладағы барлық мұражайда қала тарихына байланысты экспозиция ашық болады. Сағат 11-ден кешке дейін орталық алаңда мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ Ертіс жағалауында, Арбатта және Абай алаңында концерттік бағдарламалар қою қарастырылған.
Сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін Арбатта тарихи өлкетану мұражайы «Семей – өткенге саяхат» атты көшпелі көрме өткізуді жоспарлап отыр. Келушілерге фотоға түсетін арнайы аймақ қарастырылған.
Сағат 13.00-де Ертіс жағалауында талантты жастардың «Jastar fest» атты фестивалі өтеді. Сағат 18.00-де орталық алаңда әр сала бойынша «Үздік» номинациясының жеңімпаздары марапатталады.
19.00-де Ә.Қашаубаев, атындағы филармония және қалалық мәдениет үйі ұжымдарының концерті басталады. Семейліктер үшін бұл кеште Дастан Оразғалиев және Kalifarniya тобы ән шырқайды. 22.00-де қала күні мерекелік отшашумен аяқталады.