Семейде көктайғақтан 30-дан астам адам зардап шекті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында көктайғақтан 30-дан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 қарашада Семейде жаңбыр жауды. Ал бүгін шаһар көшелерін көк мұз басқан. Осыған байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары мектепке бармай, сабақты онлайн оқыды.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, таңертеңнен бері көктайғақтан зардап шеккен тұрғындар медициналық мекемелерге жүгінуде.

«Бірнеше сағат ішінде дәрігерлер жарақат алып, аяқ-қолы көгерген 33 адамға көмек көрсетті. Көктайғақ кезінде азаматтардың барынша абай болғаны жөн», - делінген ақпаратта.