Семейде колледждегі буллинг фактісі бойынша сот ісі қаралды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты колледждегі буллинг фактісі бойынша істі қарады. 

Фото: Freepik

2010 жылы туған, колледждің бірінші курсында оқитын жасөспірім жатақханада бірге тұратын басқа студентке жүйелі түрде тиісіп келген.

— Атап айтқанда, кәмелетке толмаған жасөспірім жәбірленушіге күш қолданып, оны тұншықтырған. Бұл жағдай бейнежазбаға түсіріліп, қорлайтын сөздермен бірге ортақ чатта таратылған. Сондай-ақ аудиториядағы бейнебақылау камераларына Б.-ның К. отырған жаққа партаны итерген сәті түсіп қалған, — деп хабарлады Абай облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Сот кәмелетке толмағанның әрекеттерінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігіне (кәмелетке толмағанға қатысты буллинг) сәйкес құқық бұзушылық белгілері бар деген қорытындыға келді.

— Жасөспірімнің әрекеті үшін жауапкершілік ата-анасына жүктелетіндіктен, іс оның анасына қатысты қаралды. Сот қаулысымен жасөспірімнің анасына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында оқушылар буллингіне қатысы бар үш ата-анаға айыппұл салынғаны хабарланған