Белгілі болғандай, ол жол ережелерін қасақана бұзып, оны видеоға түсіріп, TikTok әлеуметтік желісіне жариялап отырған.
- Блогер бір апта ішінде бірнеше ауыр құқықбұзушылық жасады. Атап айтқанда, жылдамдықты белгіленген шектен асырып, төрт жолақты жолда қарсы қозғалыс жолағына шығып, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен. Сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзып, көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған және ұялы телефон қолданған, - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.
Сонымен қатар автокөлік алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз жүрген және оған пайдалануға тыйым салынған арнайы жарық құрылғылары орнатылған.
- Аталған барлық құқықбұзушылық бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бірқатар дерек бойынша іс сотқа жолданады. Ер адам көлік басқару құқығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында психикалық ауруы бар 62 адам көлік айдап жүргені жайлы жазған едік.