Семейде көпірден секірмек болған азаматты қала тұрғыны аман алып қалды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында Жаңа көпірден секірмек болған азаматты қала тұрғыны аман алып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Сағат түнгі 10-00-дер шамасында қала тұрғындары полицияға белгісіз азаматтың көпірден секірмек болып тұрғанын хабарлаған. Жақын маңдағы экипаж аталған мекенжайға жеткенде, көпір шетінде тұрған азаматпен әлдебір жас жігіттің сөйлесіп тұрғанын көреді. (Кейінірек ол тұрғынның аты - Оразалы екені анықталған).

Тәртіп сақшылары әңгімеге араласып, ақымақтық жасауға шақ қалған жігітке қол ұшын созбақ болады. Алайда секіруге бел шешкен жігіт олармен сөйлескісі келмейтінін айтып, «жақындамаңдар, әйпесе секіремін» деп қорқытқан. Бірақ Оразалымен сөйлесе береді. Көпір шетіндегі азаматқа мейілінше жақындай түскен Оразалы шап беріп қолынан ұстап үлгерген екен. Осы сәтте қарап тұрған полиция қызметкерлері де келіп, көмектеп жүріп жігітті аман алып қалады.

Қала тұрғыны неліктен осындай әрекетке барғанын түсіндіруден бас тартты. Ал Оразалы Семейдегі медициналық университеттің студенті екен.

ШҚО-ның Полиция департаменті Оразалыны сый-сияпатпен мадақтау жағын қарастырып жатыр.