Семейде көпқабатты үйлердің қасбеті жөнделіп, ескі ғимараттар қалпына келтіріледі

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында көпқабатты үйлердің қасбеті жөнделіп, ескі ғимараттар қалпына келтіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы шаһар жұртшылығымен кездесуде ШҚО әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Өз сөзінде ол орталық көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қалай абаттандырылатынына тоқталды.

«Биыл көпір мен теміржол вокзалын байланыстыратын Шәкәрім даңғылы бойында орналасқан көпқабатты 19 үйдің қасбеті жаңартылады. Себебі бұл Семей қаласының қақпасы деуге болады. Аталған үйлердің аумағы абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, қаланың бірегей тарихы бар екенін ұмытпау керек. Себебі мұнда көптеген ескі ғимараттар бар.

«Осындай нысандарды қайта қалпына келтіретін арнайы бағдарлама әзірленген. Сондықтан шаһардың тарихи көркін сақтау үшін ескірген үйлерді қалпына келтіреміз. Ол үшін арнайы мамандар тартылады», - деді Даниал Ахметов.