Іс материалдарынде көрсетілгендей, 25 жастағы полиция лейтенанты Әділжан Н. өзінің танысынан ұялы телефон ұрланып, оның ломбардқа тапсырылғанын естиді.
Полицей бұл істі «жылдам ашудың» жолын ойлап табады. Екі күннің ішінде қылмыстың бетін ашуды көздеген тергеуші дәлелдерді қағаз бетінде қолдан жасай бастаған.
Алдымен ол басқа іс бойынша тергеліп жатқан күдіктіден телефон жоғалтқан адам болып арыз жазып «жәбірленушіге» айналуды сұрайды. Тергеудегі адам бұл қулыққа келіспеген. Бірақ полицей оны алдап арыз жаздырып алады. Полицейдің қулығы бұдан кейін тіпті күрделене түседі. Ол өзінің «иелігіндегі» қылмыскердің біріне телефонның иесі табылғанын айтып, ұрлық бойынша қол қойдырып алады.
Тәртіп сақшысы бұдан соң ломбардқа барып, телефон иесінің табылғаны туралы дәлелдермен кепілде тұрған затты тәркілеп алған. Бұдан соң тараптардың өзара келсімімен қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулы шығарады. Алайда «ашылған» қылмыстық іс белгісіз себептермен прокуратура мақұлдануына жіберілмеген. Полицейдің өтірігі осы жерден шығып қалады.
Сот Н. Әділжанды ҚР ҚК 416-бабы, 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 500 АЕК (1 млн. 135 мың теңге) көлемінде айыппұл салды. Сонымен бірге полицейдің шені төмендетіліп, 2 жыл уақыт құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тиым салды. Экс-тергеушіге соттың процессуалдық шығындарын және белгіленген 500 АЕК айыппұлды төлеуге бір ай уақыт берілді.