Семейде Медицина университетінің студенттеріне 1000 орындық жатақхана салынады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында студенттерге бөлінетін грант саны артқан. Мысалы, өткен жылы әкімдік студенттердің тегін білім алуы үшін 200 грант бөлсе, биылғы жылы 400 грант бөлген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ШҚО активі Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылады. Жиында облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Байжанова былтыр облыс бойынша 2411 грант бөлінгенін жеткізді. Ал облыс әкімдігі өз қаражаты есебінен биыл екінші жыл қатарынан сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін грант бөлді.

«Биылғы жылы алдын-ала есеп бойынша техникалық мамандарды даярлауға, оның ішінде IТ мамандарына 200 орын бөлінетін болады. Сондай-ақ педагогикалық кадрларды оқыту үшін бюджеттік орындар құрылады. Оның ішінде ағылшын тілін білетін жаратылыстану циклінің мұғалімдеріне. Бұл агроөнеркәсіптік кешен мен медицина қызметкерлеріне де қатысты», - деді А.Байжанова.

Сонымен қатар Елбасы өз үндеуінде студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуды тапсырды. Бүгінде Семей қаласындағы Медицина мемлекеттік университетінің 1000 орындық жатақханасының құрылысы басталды және ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Қазақстан-Американдық» еркін университеті (КАСУ) Өскеменде 160 орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр.

Айгүл Байжанова сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқып жатқан 1000 студентке де бөлмелер керек екенін атап өтті.
«Бұл мәселені шешу жастардың қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, аймақтағы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады», деді өз сөзінде.