Өткен жылы бұл мақсатқа қала бюджетінен 400 млн теңге бөлінген болатын. Оның 30 млн 221 мың теңгесіне арнайы бекітілген 22 жоба бойынша 12 мектеп толық күрделі жөндеуден өткен. Ал биыл қарастырылған қаражат екі есе көп. Яғни, 67 мектептің орташа және ағымдағы жөндеу жұмысына 907 млн теңге бөлінді. Қаладағы білім ордаларының көбі күрделі жөндеуді талап етеді. Алайда қаржы тапшылығы - қолбайлау. Сондықтан алдағы 3 жылда ұзақ жылдар жөндеу көрмеген мектептерде кезең-кезеңімен жұмыс жүргізілмек.
«Қалалық білім бөлімінде жалпы білім беретін мектептерге жөндеу жүргізу үшін жыл басында 467 млн теңге бөлінген. Соңғы сессияда қаражат көлемі артып, толықтыру енгізілді. Үстіне тағы 440 млн теңге қосылды. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаражат бөлінді. Оның 69 млн теңгесі кабинеттерді қалыпқа келтіруге жұмсалады»,-дейді Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталья Фесенко.
Сондай-ақ, биыл мектептерде 50 робот техникасы кабинетін ашу жоспарланған. Қазір арнайы қондырғылар сатып алынуда. Және 82 физика, химия, биология кабинеттері арнайы жабдықталады.