Семейде несие алып берем деп елді алдап жүрген алаяқ ұсталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде тұрғындарды төмен пайызбен несие алып беремін деп алдап келген 28 жастағы тұрғын ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 28 жастағы азаматша тұрғындарға төмен пайызбен несие алып беруге уәде еткен. Ал оның сөзіне сенген тұрғындар миллиондаған қаражаттарын ойланбастан әлгі азаматшаның ұстатқан. Бірақ ол ақшаны алғаннан кейін ізін суытып отырған.

Осыған байланысты Семей қалалық ІІБ-не қала тұрғындарының бірі арыз берген.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 30 наурызында өзінің танысы арнайы бағдарлама арқылы төмен пайызбен несие алып беруге уәде етіп, бұл қызметі үшін ол 2 млн теңге алған. Алайда ақшаны алғаннан кейін ол ізін суытқан. Артынан полиция бөліміне осыған ұқсас Аягөз қаласының тұрғынынан да арыз түскен. Жалпы шығын көлемі 3 млн теңге.

Тәртіп сақшыларының ұйымдастырған жедел алдын алу шаралары кезінде 28 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Азаматша мемлекеттік бағдарламаның біріне сәйкес несие рәсімдеуге көмектесетінін айтып, тұрғындардың сеніміне кірген. Кейін ақшаны алғаннан кейін хабарсыз кеткен.

Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Қазір оның өзге де алаяқтық істерге қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Оның үстінен аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.