Семейде өрт болған ауладан 100 газ баллоны шығарылды

ӨСКЕМЕН. Семей қаласының Березовский кентіндегі қоспәтерлі жер үйде 5 литрлік газ балоның ақауынан оқыс оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарылыс салдарынан үй иесінің денесін 90 пайыз күйік шалып, ауызғы бөлменің  12 шаршы метрі қираған.

«58 жастағы тұрғын газ баллонын сатуды кәсіп еткен. Ақауы бар баллонның кесірінен ол қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Оның аяқ-қолының 90 пайызын күйік шалған. ІІІ дәрежелі күйік. Одан өзге зардап шеккендер жоқ» - делінген қалалық төтенше жағдайлар басқармасы таратқан ақпаратта.

Дүмпуден көрші үйге де зақым келген. Қос пәтердің арасын бөліп тұрған қабырғада жарықшақтар пайда болып, үш терезенің жақтауы бүлінді. Оқыс оқиға кезінде аулада 100 газ баллон тиелген арнайы жүк көлігі тұрған. Төтенше жағдай қызметкерлері дүмпудің оларға әсер етпеуін ғажайып жағдайға теңеп отыр.
 
Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз.