Өрт Әуезов даңғылы, 75 мекенжайында тіркелді. Тілсіз жау бос тұрған 2 қабатты ғимараттың 1-ші қабатынан шыққан. Жалпы аумағы 375 шаршы метр.
Мамандардың алдын ала болжамы бойынша өрт қасақана қойылған.
«Өрт ғимараттың қабырғасы мен төбесін шарпып үлгерген. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 1 сағаттың ішінде қызыл жалынды ауыздықтады. Бірақ толық сөндіруге 2,5 сағат уақыт кетті. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр», делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге жеке құрамның 32 қызметкері мен 8 арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Семейде 293 өрт оқиғасы тіркелді. 257 адам құтқарылса, оның 54-і бала. Ал 4 адам көз жұмды. Мамандардың сөзінше, өрт оқиғаларының 80 пайызына тұрғындардың өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп.