Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шілде айының соңында полиция бөлімшесіне хабарласқан 66 жастағы қала тұрғыны алаяқтың тұзағына түскенін айтқан. Оны жасы 50-лер шамасындағы әйел пәле-жала мен көз тиюден аластаймын деп алдап, 3 мың АҚШ долларын, 40 мың теңгесін және гауһар тасты әшекей бұйымдарын иемденіп кеткен. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның жалпы мөлшері 2 млн теңгені құрады.
«Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. 48 жастағы Алматы қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындап отыр. Айғақты заттар тәркіленген. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.