Ағымдағы жылдың сәуірінде Семей бөлімшесі магистральды желі бөлімі бастығының көмекшісі, азаматша Садықова әріптесіне басқа бөлімшеге ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған. Бірақ бұл қызметі үшін ол 350 мың теңге сұрайды. Ал қаражатты мәселені оң шешу үшін басшылыққа беретінін жеткізген. 10 сәуір күні әріптесі 200 мың теңгені әкеліп береді. Ал 16 сәуір күні қалған 150 мың теңгені алып жатқан уақытта Семей өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері Садықованы қолға түсірген. Қазір бұрынғы бастықтың көмекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері теміржолшылармен кездесу өткізіп, алдағы уақытта жемқорлыққа жол бермеуге шақырды. Бүгінгі күні «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның қызметкерлері арасында жемқорлық жиілеп кеткен. Тек өткен жылдың өзінде 9 қызметкердің үстінен пара алғаны үшін іс қозғалған.
«2017 жылы Семей филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда «Шаған» станциясының жауапты кезекшісі Тілеубердин, жеке кәсіпорынның директоры Орынбасаров, «Белағаш» станциясының бастығы пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ біздің тұрақты бақылауымызда. Себебі, жемқорлық көбейіп келеді. Естеріңізге сала кетейік, құқықбұзушылыққа жол берген кез-келген қызметкер, тіпті жұмыс істемейтін адам да жауапқа тартылады», - деді Семей өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының жетекшісі Ғалымжан Қошқарбаев.
Жалпы Семей өңірі жемқорлық бойынша республикада үшінші орында тұр. Әсіресе білім беру, жергілікті билік және құқық қорғау органдары арасында жиі тіркелетін көрінеді.