Семейде «пәтер сатып алатын» алаяқтар көбейген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде алаяқтардың саны артып отыр. Өткен жылдың он бір айының қорытындысы бойынша Семейде 500-ден астам осындай қылмыс түрі тіркелген, деп жазады Аltaynews.

Әсіресе интернет және телефон арқылы ұтыс жөнінде хабарлама жіберіп, жұртты сан соқтырғандар көп. Аңғал тұрғындар болса  «Көлік ұтып алдыңыз, енді оны рәсімдеу үшін біраз қаражат аударыңыз» деген смс хабарламаларға сеніп қала береді екен.

Полицейлер жаңа жыл қарсаңында мұндай алаяқтықтың көбейетіндігін айтып халыққа сақ болуды ескертіп отыр.

Қалалық ІІБ басшысының орынбасары Әли Төлегеновтың айтуынша, күдіктілер әуелі «пәтер сатып аламыз» деп жарнама береді. Мұнан кейін зардап шегуші азаматтарға «шотыңызға керек қаржыны аударамыз, тек алдымен біздің шотқа есеп айырысуды жылдамдату үшін азын-аулақ қаражат жіберсеңіз» деп қолқа салады. Нәтижесінде тәтті үмітке алданған тұрғын ақшасының шетел асып кеткенін бірақ біледі екен.