Семейде полицейді қағып кете жаздаған жүк көлігі жүргізушісі ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Семей қаласында ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.
Полиция қызметкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері жол инфрақұрылымын сақтап, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында рейдтерді жалғастырып жатыр.
Мамандардың айтуынша, жолдардың мерзімінен бұрын тозуы көбіне рұқсат етілген салмақтан асып түсетін жүк көліктерінің қозғалысына байланысты. Сондықтан тек негізгі автожолдар ғана емес, ірі габаритті техниканың қатынайтын бағыттары, соның ішінде аспалы көпір де бақылауға алынған.
Қолданыстағы нормалар бойынша:
– үш осьті көліктер үшін – 25 тонна,
– төрт осьті көліктер үшін – 32 тонна,
– бес осьті көліктер үшін – 38 тонна,
– ал алты және одан да көп осьті техника үшін 44 тонна салмаққа рұқсат етіледі.
Рейд барысында бірнеше жүргізуші бақылаудан қашуға тырысқан. Солардың бірі артық жүктен құтылу үшін топырақты тұрғын үйдің қасына төгіп, қоршауды зақымдаған. Кейін полицейлердің тоқтау туралы талабын елемей, әрі қарай жүріп, бір қызметкерді қағып кете жаздаған.
«Рұқсат етілген массаны асыру, қоғамдық аумақты ластау және полицияның заңды талабына бағынбау сияқты бірнеше құқықбұзушылық анықталды. Жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Оқиға материалдары әрі қарай қарауға жолданды.
Бұған дейін «Алматы-Өскемен» тасжолында жүк көлігі өртенгені хабарланған еді.