Семейде полицейді пышақтаған күдіктінің ісі қай баптар бойынша тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі Семейде полиция қызметкерін пышақтаған күдіктінің ісін тергеу амалдарына қатысты түсінік берді.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1-бабының 1-бөлігі (Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қауіп төндіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында, тиісті тергеу іс-қимылдары атқарылып жатыр. Заңға сәйкес іске қатысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, аталған күдікті адамның қызды аңдып жүруі фактісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабындағы қоғамдық орындарда тиісу дерегі бойынша хаттама толтырылды.
Еске салсақ, Семей қаласында 13 жасар қыздың соңына түскен ер адам көмекке келген полицейге пышақ салды.
Осы оқиға бойынша полицияға хабарласқан қыз өзін белгісіз адамның аңдып жүргенін айтқан. Жеткіншек дүкенге кіріп кеткенін, сыртқа шығуға қорқып тұрғанын жеткізді. Осыдан кейін учаскелік полиция инспекторлары дереу сол жерге келіп жетті. Олар дүкеннің жанында тұрған күдіктіні байқап, мән-жайды анықтауға тырысты. Бірақ жігіт қолына пышақ алып, тәртіп сақшыларына жүгіре жөнелді.