Семейде ірі сауда үйіндегі өрт сөндірілді

Фото: Фото: Абай облысы ТЖД

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында ірі сауда үйіндегі қызыл жалын толықтай өшірілді. 

Қаладағы киім-кешек саудаланатын ең ірі сауда орнында 6 желтоқсанда таңғы сағат 3.00 шамасында өрт шыққан еді. Өрт сөндірушілер 2 минутта оқиға орнына жеткен кезде бірінші қабатта сауда бутиктері жанып жатты. Қас қағымда өрт 2-ші қабат пен шатырға таралып кеткен. 

Фото: Абай облысы ТЖД

«Ғимарат ішіндегі қою түтін мен ыстық температура, жанғыш материалдардың көптігі және ғимарат құрылысының күрделі болуы салдарынан өрт тез таралып, оны сөндіру жұмыстары қиындады. Тілсіз жаумен күрес барысында 3-ші қабаттың шатыры ішінара құлады», - деп хабарлады Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.

Қалалық Мәдениет үйінде ТЖД және Денсаулық сақтау басқармасының психологтары кәсіпкерлермен жұмыс жүргізді. Барлығы 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетілді.

«Өртті сөндіруге ТЖ және Полиция департаменттерінен, апаттар медицинасы орталығынан, ТЖМ 68303 әскери бөлімінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінен, «Зеленстрой» ЖШС-нен 487 адам, 46 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Қызыл жалын сағат 20.55-те толықтай өшірілді. Оттың шығу себебі анықталып жатыр», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта өрт орнын қарауылдау, су төгу және қоршау үшін жеке құрамнан 264 адам мен 31 техника тартылған.