Семейде республикалық студенттік театр фестивалі өтіп жатыр
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында «Адамдық борышың...» атты республикалық студенттік театр фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шәкәрім университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фото: Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі
29 сәуірде басталған өнер бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен 7 жоғары оқу орнының студенттері қатысып жатыр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Шың» және «Үркер», «Тұран» инновациялық-кәсіпкерлік университетінің «TeART», Қазақ спорт және туризм университетінің «Руханият», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Шабыт», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ», С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақжелкен» театрлары өнер көрсетуде.Өнерлі жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың жүлде қоры – 1 миллион теңге.
Театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы таңдалған тақырып, сахналық киім үлгісі, декорация мен актерлердің шеберлігін таразылап, үздіктерді анықтамақ.
Қазылар алқасының құрамында Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Ербол Жуасбек, актер, «Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Нұғыманов, «Дариға-ай» жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» Гүлжан Құдайбергенова бар.