СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 қараша күні сағат 9.45-те Қарағайлы ықшамауданында құрылысы жүргізіліп жатқан көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты. Жалын үйдің 2 мен 9 қабаттар арасындағы сыртқы қабырғасын шарпыған.
- Оқиға орнына дереу келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы ауданы 300 шаршы метр аумақты шарпыған тілсіз жауды сөндірді. Қазіргі уақытта оттың шығу себебі анықталуда, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, өртті өшіруге жеке құрамнан 30 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.