Семейде сот бұрынғы қызметкердің пайдасына ЖШС-ден 400 мың теңге өтемақы өндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қалалық соты денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу және еңбекақыны өндіру туралы азаматтық істі қарады.

Талапкер өзінің талап арызында «Семейпластком» ЖШС-де 2013 жылдың 4 шілдесінде сылау-сырлаушы міндетін атқарып жүрген кезінде 2,5 метр биіктіктен құлап, өндірістік жарақат алғанын, соның салдарынан сүйектері сынып, денсаулығына зақым келгенін атап көрсеткен. Бұған қоса, 2015 жылдың қараша айынан бүгінгі күнге дейін өндірістің бос тұруына байланысты еңбекақы алмағанын айтқан.  

Сот отырысының барысында жазатайым оқиғаға қатысты құрылған актіге сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесі 100 пайызға белгіленгені анықталған. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі 2016 жылдың 13 сәуіріне дейін 29 пайызды, қайталап тексерілген кезде 15 пайызды құраған. Сақтандыру компаниясы біржолғы өтемақыны, оған қоса мамыр айына дейінгі табысының есебіне сақтандыру төлемдерін төлеп келген.

Еңбек кодексінің 122-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыскерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызы қоса алғандағы дәрежесiн белгілеумен байланысты зиян келтірілген кезде, жұмыс беруші жұмыскерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындарды өтеуге міндетті.

Соттың шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Шешім бойынша ЖШС-ден бос тұрып қалғаны үшін 429 393 теңге еңбекақы бойынша қарыз сомасы, 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді және жауапкер талапкердің пайдасына ай сайын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу үшін жоғалтылған орташа айлық еңбекақы мөлшерінің 15 пайызын төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.