Семейде су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар атқарылуда

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында су тасқынының алдын алу үшін бірқатар шара қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейде су тасқынына қарсы іс-шараларды атқаруға бүгінде ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімінің жеке құрамы тартылған.

«Тұрғын үйлерді су басуын болдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, қамыс шабу, каналды тереңдету және Восточный кенті ауданындағы су өткізу құбырларын тазарту. Барлығы жеке құрамнан 30 адам мен 5 техника жұмылдырылған», - делінген ақпаратта.

Соның нәтижесінде 1 шақырымнан астам арық тазартылды. Байғожина көшесі, 8-үй мекенжайы аумағынан еріген суды бұру бойынша жұмыстар уақтылы жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Семей қаласының 4 учаскесінде жағалауды нығайту жұмыстары қолға алынған. Ертіс өзенінің жағалауына бетон плиталар төселеді.

Су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар 1026 адам тұратын 254 тұрғын үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.