Семейде тасқын көне зират пен көпірді шайып кетті

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Семейде Салқын Қайнар елді мекенінің тұрғындары амалдың жоқтығынан қараусыз қалған зираттағы табыт сынықтарының және адам ашылып қалған сүйектердің жанынан өтіп жүр.

Олар күніне бірнеше мәрте ауылды қаламен байланыстыратын жартылай қираған көпір арқылы қатынайды. Бұл туралы «Время» газеті бүгінгі нөмірінде жазып отыр.

Ескі қорымды да , көпірді де тасқын су шайып кеткен. Өткелдің бір бөлігі 17 наурыз күні опырылып қалған. Қала басшылығы онда көліктердің қатынауына шектеу қойды. Бірақ шенеуніктерді халықтың көпірдің сынықтары арқылы арматурасы сорайып шығып тұрған шұңқырлардың тап шетімен қатынайтыны алаңдатпайтын көрінеді.

Өткел жартылай қираған соң, жергілікті тұрғындар өздерін бәзбір шекараны кесуші диверсант ретінде сезінетін болды. Автобус халықты елді мекеннен көпірге дейін ғана жеткізеді. Қауіпті өткелден әупіріммен зорға өткен соң олар қалаға бару үшін тағы бір қоғамдық көлікті тосады.

«Көпірдің опырылып құлағанына үш апта болды. Бірақ арматурасы сорайып шығып тұрған шұңқырлар сол күйі қоршалмай жатыр. Егер жолаушы абайсызда қате қадам басса, шұңқырға құлап түспек. Неліктен оларды уақытша плиталармен қоршамасқа? Алайда қала басшылығы тасқынның аяқталуын күтетінін мәлімдеген. Содан кейін ғана олар жөндеу жұмыстарына кіріспек.

Семей қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Орынғали Ысмайылов кеше өткен баспасөз мәслихатында әзірге күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті 35 миллион теңгенің қолда жоқ екенін, тек уақытша жөндеу жүргізіліп, шұңқырға қиыршық тас салынатынын хабарлады. Абырой болғанда, көпірдің бағандары сақталған. ТКШ бастығының сөзінше, қауіпті учаскедегі жарықтандыру бұрын да болмаса, алда да болмайды.

Ысмайыловтың айтуынша, су шайып кеткен зираттағы адам сүйектері қайта жерленбек. Қорым осыдан 50 жыл бұрын жабылған болатын. Қазіргі нормаларға сәйкес оны тегістеп, саябақ ашу қажет.