Семейде тұрғын үйдің ауласына Сібір елігі кіріп кетті
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласына қарасты Водный ауылының тұрғыны үйінің ауласында еліктің жүргені туралы хабарлады. Жануардың мойнында қарғыбауы болған.
Оқиға орнына полицияның табиғатты қорғау инспекторлары келді. Тексере келе, олар жануардың Сібір елігі екенін анықтады. Жануардың жағдайы қанағаттанарлық, артқы тұяғында жазылған жарақаттың ізі болған. Ол адамдарды көргенде үрікпеген.
— Елік жабайы жануарларға тән мінез танытпады. Ол адамдардан қорықпай, керісінше олардың жақындауына мүмкіндік берді. Бұл оның бұрын қолға үйретілгенін және жабайы табиғатта өмір сүруге бейімделмегенін аңғартты, — деп хабарлады қалалық ішкі істер басқармасынан.
Мамандар осы жағдайларды ескере отырып, жануарды Семей биологиялық орталығына өткізу туралы шешім қабылданды. Онда елік күтімге алынып, бақылауда болады.
Полиция қызметкерлері жабайы жануарларды табиғи ортадан рұқсатсыз шығару жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Жарақат алған, әлсіреген жабайы жануарлар көзге түссе, дереу тиісті сала мамандарына немесе 102 телефонына хабар беру керек.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қалаға кіріп кеткен елік бейнежазбаға түсіп қалды.