Семейде тұрып қалған пойыз жолаушылары қараңғы əрі суық вагонда отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы жүк вагондары жолдан шығып, соның салдарынан Дегелең-Семей теміржол учаскесінде қамалып тұрған пойыз жолаушыларымен байланысқа шықты. «Лениногорс-Астана» бағытындағы пойыз жолаушыларының бірі фэйсбук əлеуметтік желісіне пойыз вагонында су да, жарық та, жылу да жоқ екенін жазған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Не деген сұмдық?! Бұл не деген бассыздық екенін түсіндіріп беретін біреу бар ма?! Астанаға жете алмай отырмыз, теміржол бойы былыққа толы. 16 вагон адам иен далада тоңып отырмыз. Пойыздың жол серіктері пеш жаққан жоқ, ыстық су жоқ,-деп жазған Айжан Керейбайқызы атты жолаушы.

ҚазАқпарат тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, мəн-жайды анықтауға тырысты. «Осы жазбаның астында бірінші басшымыздың нөмірі жазылды. Бірінші басшы мəн-жайды біледі, қазір жазбадағы жағдайдың қаншалықты рас екені тексеріліп жатыр. Біздегі ақпаратқа сенсек, пойызда көмір бар, мынандай аязда пеш жақпау мүмкін емес. Пойыз тоқтап тұр ма, жүріп келе ме, оған қарамастан, пеш жағылуы керек. Егер əлеуметтік желідегі ақпарат расталса, шара қолданамыз»,-деді баспасөз қызметі.

Ал, өтемақы туралы сұраққа жауап берген «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі теміржол тасымалы туралы заңға сəйкес, пойыздың кешіккен əрбір сағаты үшін жолаушылар билет құнының 3 пайызын қайтарып алуға құқылы екенін айтты. Яғни, жолаушылар діттеген жеріне жеткен соң, билеттерін тапсырып, өтемақы ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін жүк вагондары рельстен шығып кетіп, соның салдарынан сағат 12.20-дан бері «Лениногорск-Астана», «Алматы-1-Павлодар», «Павлодар-Алматы-1» бағытындағы пойыздар тоқтап тұр.