Семейде Ұлттық домбыра күніне орай Абайдың домбырасы көрмеге қойылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Көпшілік назарына 30-ға жуық жәдігер ұсынылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында Ұлттық домбыра күніне орай «Қазағымның үнісің сен – домбыра!» атты көрме ашылды. Көрмедегі ең құнды жәдігерлердің бірі – музей қорында сақталған Абай Құнанбайұлының домбырасы.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көпшілік назарына 30-ға жуық жәдігер ұсынылды. Олардың қатарында Абайдың домбырасымен бірге, Шәкір Әбенұлы мен Ахат Шәкәрімұлының музыкалық аспаптары да бар.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ мәдениетінде өзіндік қолтаңба қалдырған тұлғалардың музыкалық аспаптары да көрмеде жинақталды. Келушілер Мәдениет Ешекеевтің, Болат Сыбановтың, Арғынбек Ахметжановтың, Нұридден Иманбаевтың және өзге де өнер иелерінің домбыраларын тамашалай алады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Экспозицияға Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейі мен Қостанай қаласындағы Абай атындағы мектептен музей қорына табысталған музыкалық аспаптар, сондай-ақ Абайдың музыкалық мұрасы мен қазақтың халық аспаптарының тарихына арналған ғылыми еңбектер де қойылды.

Айта кетелік Ақтөбеде 1500 домбырашы бір мезгілде бірге «Көңілашар» күйін тартты