Семейде үшінші жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр

Фото: Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Семей қаласында жылу желілерінің 68%-ға тозғаны байқалады. Оған қоса, қалада үшінші жылу-электр орталығының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Семейдегі оң жағалауда 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы болды. Оны азайту үшін екі жылу қазандығы қайта жаңғыртудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға дейін ұлғайды. Қалған тапшылық – 85 Гкал», - деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сол сияқты Абай облысында жылу желілерінің де тозу мәселесі бары айтылды. Олардың жалпы ұзындығы – 464,5 шақырым. Орташа тозу – 68%. Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді.

«Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Президент тапсырмасымен жыл аяғына дейін жаңа үшінші жылу-электр орталығының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп болады», - деді өңір басшысы.

Сонымен бірге, Н. Ұранхаевтың айтуынша, Семей қаласын дамытудың бас жоспары бекітілуге жақын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Семей қаласын дамытудың Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Семейге қарасты 32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтіп, 9 үйге муралдар салынды», - дейді Н. Ұранхаев.

Айта кетейік, Абай облысы өзінің алғашқы жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сенімді өсім көрсетіп отыр.

Ондағы орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсірді.