Семейде үйінен қашқан жеткіншек тағы бір баланы өзімен бірге ала кеткен

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семейде жоғалған 12 және 7 жасар балалар аман табылды. 

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, бала жоғалғаны туралы хабар 2 қыркүйек күні сағат 10:34-те түскен. 

Семей қаласының тұрғыны 3 күн бұрын үйден шығып кеткен, бұрын бірнеше рет кетіп, қайтып келген 12 жасар ұлы Рахымжан Үкертаевты іздеуге көмек сұрап полицияға жүгінді. 

Сол күні сағат 21:11-де 7 жасар Әли Қанатовтың әжесі полицияға хабарласып, немересінің кешкі 18.30 шамасында аулаға ойнауға кетіп, содан қайтып келмегенін айтады. 

Бірнеше минут ішінде аймақ полициясының бүкіл кешенді күштері хабардар етілді. Полиция жасақтары еріктілермен, мұғалімдермен және жанашыр азаматтармен бірге тұрғылықты жеріне жақын маңды аралады.

Іздеуге барлығы 12 топ жіберілді, сонымен қатар полицияның кешенді күштерінің сыртқы жасақтары — 170 адам аттанды.

Іздеу жұмысы күндіз де, түнде де тоқтамады. 

Олар қараусыз қалған ғимараттарды, ойын-сауық орындарын сүзіп шықты. Тәртіп сақшылары іздеу шаралары кезінде бейнебақылау камерасын қарады.

3 қыркүйекте жергілікті тұрғын әлгі екеуін балалар алаңындағы көпірдің астынан тауып, еріктілер мен полицияға ақпарат берді. 

Қазіргі уақытта балалар аман-есен үйіне оралды. Түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 12 жасар бала мінез-құлықты түзету үшін ювеналды полицияның есебіне қойылады.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары ересектерден балаларына бас-көз болып, мұндай фактілер туралы дереу хабарлауды сұрайды.

«Неғұрлым ерте және тез хабарласаңыз, жоғалған адамды табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», — дейді тәртіп сақшылары.