Байқаудың мақсаты - ұстаздық мамандықтың мәртебесін көтеру, шығармашылықты, жетістіктерге жеткен оқытушыларды марапаттау, үздік оқытушылардың қазіргі заманға сай тәжірибесін тарату, қала көлемінде педагогикалық қызметкерлердің кәсіптік шеберлігінің дамуына үлес қосу болып табылды, деп хабарлайды Семей қаласының ішкі саясат бөлімінен.
Құқық және бизнес колледжінде ұйымдастырылған шара Елбасымыздың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы аясында ұйымдастырылды. Бұл шара «Қазақстан-2050 стратегиясын» бағдарға ала отырып, білімді, тағылымды ұрпақты тәрбиелеу мәселесін іске асыру мақсатында үздік ұстаздарды анықтау мақсатында өткізілген сайыс болды.
Байқауға қала колледждері бойынша 16 оқытушы қатысуға ниет білдірді. Бірінші және екінші кезеңдер оқытушының қатысуынсыз қашықтықтан өткізілді. Қазылар алқасы ұсынылған құжаттарды қарастырып, финалға қатыстыру үшін 7 үздік оқытушыны таңдап алды.
Ал бүгін байқаудың қорытынды кезеңі өткізілді. Оқытушылар өз қызметтерімен таныстырып, пәндері бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті. Оның қортындысы бойынша Семей қаласындағы көпсалалы коледждің оқытушысы Ш.Е. Шалабаева «Үздік педагог-2014» атағын жеңіп алып, облыстық байқауға қатысуға жолдамаға ие болды. 2-ші орынды Семей коледжінің намысын қорғаған Г.Б.Рамазанова иеленсе, 3-ші орынды Әуезов атындағы педагогикалық колледжінен келген С.К.Әбдікәрімова алды.
Шара соңында қазылар алқасы байқаудың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қатысушыларға шығармашылықтарын шыңдай беруге тілектестіктерін білдірді.