Жарысқа Нидерланды, Ресей, Беларусь, Иран, Өзбекстан және Қазақстаннан барлығы 300-ден астам спидкубер жиналды. Шара Назарбаев зияткерлік мектебінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бәсекеге қатысуға 5 жастағы баладан 80-дегі қарияға дейін тілек білдіріпті. Қатысушылар WCA қауымдастығы бекіткен талапқа сәйкес, 18 санат бойынша мықтыларды анықтады. Оның ішінде сайыскерлерге бір қолмен жинақтау, көзді жауып құрастыру, сол секілді аяқпен жинап жарысуға тура келді. Көзді жұмып кубик құраудан дүниежүзілік рекордшылардың бірі мәскеулік Роман Страхов өз қолымен құрастырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін семейліктерге сыйға тартты.
2 күнге созылған жарыс рубик текшесінде жаңа есімдердің танылуымен қорытындыланды. Мәселен, жылдамдығына көз ілеспес Ерасыл Болысбек, Дамир Жанатаев, Бақытжан Шәріпбай, Ілияс Арыстанбеков есімді спидкуберлер Қазақстанның ұлттық рекордын жаңартып, қазақ баласының да текшеден алар еншісі бар екенін дәлелдеді. Ал Европаға тиесілі рекордты жаңартқандардың қатарында Макс Валк, Роман Страхов бар. Сонымен «Semey Open - 2018» турнирінің кубогына әлемде алтын медаль саны бойынша екінші орында тұрған нидерландық Матс Валк ие болды. ІІ-ші орынды ресейлік Николай Массон, ІІІ-ші орынды беларусьтық Илья Терешко еншіледі.