ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семей тұрғыны полиция қызметкері болудың «оңай жолын» тапқан.
«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерінің жалған құжатын жасаған 21 жастағы жігітті ұстады. Белгілі болғандай, күдікті ең әуелі құқық қорғау органының шынайы қызметтік куәлігін тауып алған. Содан соң құжаттың қызыл түсті сыртын сатып алып, сол сияқты жалған құжат дайындады. Куәлікте өзін учаскелік полиция инспекторы ретінде жазған», - делінген ақпаратта.
Бұл іске байыппен қараған семейлік фотошоптың көмегімен тәртіп сақшысы кейпіндегі суретін де жасаған. Ұсталған азамат өз кінәсін бірден мойындады.
Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігіне (Жалған құжаттарды дайындау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.