Семейде жаңа жылу электр орталығы қашан салына бастайды — әкім жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Семейде жаңа жылу электр орталығын салу бойынша жедел жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы облыс Берік Уәли мәлім етті.
— Семей қаласының оң жағалауында жылу энергиясының тапшылығы бар (146,99 Гкал). Бұл мәселені шешу үшін Президенттің жаңа жылу электр орталығын салу туралы тікелей тапсырмасы бар. Осы мақсатпен әкімдіктің, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушының қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды, — деді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Өңір басшысының ақпаратына сәйкес, қазір ЖЭО салынатын құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды (қаланың сол жағалауы, Степной кентінің ауданы).
— Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында. Жылу қуаты — 1000 Гкал, электр қуаты — 360 МВт болады. Құрылыстың 1-ші кезеңін пайдалануға берудің болжамды мерзімі 2029 жылдың 3-ші тоқсаны. Жоба аясында экологиялық тұрғыдан қолайсыз және қуаттылығы төмен қазандықтар жабылады, — дейді ол.
Берік Уәли Семейде өнеркәсіп өндірісін кеңейту үшін 500 гектар жер бөлінетінін мәлім етті.